Ойлан
Сұраққа жауап бер.
Жер бетіндегі тірі ағзалар жойылып кетсе, не болады?
Өз жауабыңды мәтіндегі ақпаратпен салыстыр.
Жер бетіндегі тірі ағзаның бір түрінің жойылуы онымен қоректенетін басқа тірі ағза түрі де біртіндеп жойылуына бастайды. Олардың орнын зиянды жәндіктер, құрт-құмырсқалар басып, табиғатқа, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Мысалы, өлексемен қоректенетіндер жойылып кетсе, жер беті, ауа, су, топырақ – барлығы ластанып, адамзат тіршілігіне қауіп төнеді. Кез келген тірі ағзаның толығымен жойылып кетуі жер бетіндегі тіршіліктің жойылуына алып келуі де мүмкін.
Пікірің мәтіндегі оймен сәйкес келді ме?
Сирек кездесетін және жойылу шегінде тұрған жануарлар еліміздің Қызыл кітабына тіркеліп, қорғауға алынғаны белгілі. Сонымен қатар азайып бара жатқан жануарлардың санын көбейту үшін табиғи ортасын сақтап, арнайы өсіреді. Осындай ерекше қорғауға алынған аумақты қорық деп атайды. Елімізде 10 мемлекеттік қорық құрылған. Олар: Ақсу-Жабағылы, Алакөл, Алматы, Қаратау, Үстірт, Марқакөл, Наурызым, Қорғалжын, Батыс Алтай және Барсакелмес. Қорықтың мақсаты – саны азайып, жойылу қаупі төніп тұрған жануарлар мен өсімдіктерді қорғау. Мысалы, Қорғалжын қорығында әлемде сирек кездесетін қызғылт қоқиқаздар қорғауға алынса, Ақсу-Жабағылы қорығында Грейг қызғалдағы өсіріледі. Қорықтар мемлекеттің қарамағында және қорғауында болады. Елімізде қорықтармен қоса ұлттық саябақтар ашылған. Ұлттық саябақтарды құрудың мақсаты – табиғаты көркем аумақтарды сақтап қалу, ондағы жануарларды қорғау, санын арттыру. Олардың қорықтан айырмашылығы – саяхатшылар мен тынығушылардың тамашалауына рұқсат етіледі. Елімізде Бурабай, Баянауыл, Іле Алатауы, Алтынемел сияқты ұлттық саябақтар бар.